Тұрмыс құрғаныма 5 жылдай болды. Осы отбасына келін болып түскелі, Аллаға шүкір, ата-енеммен де, қайынсіңіліммен де сөзге келіп, шәй десіп көрмеп едім. Міне, бірнеше күн болды, қайынсіңілім екеуміз мүлде сөйлеспейміз, Бір үйде тұрсақ та, бөтен адамдар секілді жүреміз. Бұрын екеуміз бір-бірімізге сырымызды айтып, күліп-ойнап жүретінбіз. 

Осыдан бір аптадай бұрын мен қайынсіңілімнің өзінен он жас үлкен жігітпен сөйлесетінін білдім. Екеуі біраздан бері сөйлесіп, кездесіп жүр екен. Оның қандай жігіт екенін, немен айналысатынын қайынсіңілімнен сұрасам, аса ештеңе айтпайтын. Сол жігітпен жүргелі бері қайынсіңілім біртүрлі өзгеріп, тұйықталып кетті. Жігітіт телефон соқса, басқа жаққа тығылып сөйлеседі. Бұрын өзін ұнатқан жігіттер туралы маған бәрін айтатын, екеуміз бірге отырып талқылайтынбыз. 

Қайынсіңілім өзі сүйкімді, еңбекққор жақсы қыз. Мен оның бағы ашылып, жақсы бір отбсына келін болғанын қалаймын. Сондықтан да мен онымен ашық сөйлесіп, жеңгесі ретінде кеңесімді бергім келген. 

Кездейсоқтық десе де болатын шығар, мен қайынсіңілім сөйлесіп жүрген жігіттің отбасылы, балалы -шағалы екенін біліп қалдым. Біздің қыз оның отбасылы адам екенін біле тұра одан бас тартқысы жоқ.  "Ол мені жақсы көреді, әйелімен ажырасады" деп қояды. Ол өзінің еріккен еркектің ермегі болып жүргенін түсінгісі келмейді. Мен оған ақылымды қалай айтсам да тыңдағысы келмеді. Оны райынан қайтара алмасымды білген соң, ағасына айттым. Жолдасым қатты ашуға булықты. қандай аға өз қарындасының балалы-шағалы еркекпен көңіл қосқанына бейжай қарайды дейсіз. 

Күйеуім қарындасына қатты ұрысты, екінші ол жігітпен жүргеніңді еститін болсам, өз қолыммен өлтіріп тастаймын деп айғайлады. 

Өз әйелі бола тұра жас қыздардың басын қатыратын еркектердікі не қылық осы. Күйеуімді сабырға шақырып, ақылмен түсіндір десем де, ашуға жеңдірді. Содан бері қайынсіңілім маған бұрылып та қарамайды, қатты өкпелеп қалды сырын ашқаным үшін. Бірақ мен үндемей жүре берсем, ертең не болатынын құдай біледі. Сонықтанa күйеуіме айтқан едім. дұрыс түсініңіздерші

Аноним