«Мэйк-ап» – біздің күнделікті өмірімізбен тығыз байланысып қалған ұғым. Оның көмегімен «уақытты кері қайтарып» немесе жасымызды үлкейтіп көрсете аламыз. Бірақ бояудың бізге сыйлар сұлулығы уақытша екенін бәріміз білеміз. Күнделікті бет-әлпетіңізге келтірер зияны тағы бар. Касметиканың қайсысы сізді қартайтып көрсетеді, қайсысы жасартады? Қалай қолданған дұрыс? Бүгін біз осы жөніндегі бірнеше кеңестерді ұсынамыз.

Румяна

Бет пішініңізді сымбатты ету үшін қанық, қою түсті румяна жаққанды ұнататын шығарсыз. Бірақ ол түріңізді сұлу еткенімен, жасыңызды ұлғайтып көрсетуі мүмкін. Егер жас көрінгіңіз келсе, ашық түсті румяна қолданыңыз. Ол жүзіңізді ажарландырып, балғындық береді.

Тональды крем

Мэйк-ап мамандары қалың етіп жағылған тональды кремнің сізді үлкейтіп көрсететінін айтады. Беттің ауа өткізетін тесіктерін бітеп, демалуына кедергі жасайды. Әрі әжімдендіріп, теріні тез қартайтады. Сондықтан оны неғұрлым жұқа етіп жаққаныңыз жөн. Нәтижесінде бетіңіз біркелкі болады, әрі жас көрінесіз. Егер теріңіз құрғақ болса, астына күндізгі крем жағу арқылы қолданыңыз.

Қастың формасы

Егер табиғи қасыңыз жіңішке болса оны қарындашпен сызып немесе татуаж жасатуға асықпаңыз. Өйткені жұқа қас – жасыңызды ұлғайтады. Сондықтан қас бояуда арнайы кист пен теньді қолданып көріңіз. Ол қасыңызға көлем беріп, жүзіңізді жасартуға септігін тигізеді.

Көзге арналған қарындаш пен айқындағыш (подводка)

Көзіңізді қара түспен бояу да сізді өз жасыңыздан едәуір егде етеді. Ол баттасып көрінеді әрі көздің шаршаңқылығын да байқатып қоюы мүмкін. Сондықтан ашық түстерді қолданыңыз. Және астыңғы қабаққа қарағанда үстінгі қабақты сызу жастыққа тән екенін есіңізде сақтаңыз.

Сүрме (тущь)

Сүрменің де қара түсінен гөрі қоңыр түсін қолданыңыз. Әрине, табиғи кірпігіңіз қою қара түсті болса, ешқандай таласымыз жоқ. Дегенмен ашық түс жастар үшін жарасымды болмақ.

Ерін далабы (помада)

Мұнда да қою, қанық түстер егделіктің белгісі болып есептеледі. Осы себепті ашық түстегі ерін бояуларын жиі қолданылады. Аздап жылтыр қабаты болса, тіптен жақсы.

Бұл айтылғандар – барлығымыз күнделікті макияжда қолданып жүрген косметикалық өнімдер. Байқағанымыздай, қою, қалың етіп жасалған макияж көп жағдайда тиімсіз. Беттің күтіміне де, ажарыңызға да. Сондықтан жиі тұтынатын дүниелеріміздің пайдасы мен зияны, пайдалану ережелері әркез қаперімізде болсын.