Аңызға айналған «Арықтағыңыз келсе, кешкі алтыдан кейін тамақтанбаңыз» деген тіркесті бәріміз білеміз. Алғашқы 3-4 күнде, асып кетсе, бір апта көлемінде осы қағиданы ұстанамыз да, артынша босаңсып кетеміз. Өйткені дәл осы алтыдан кейін, кешкісін тәбетіміз әдеттегіден де ерекше күшейіп кететіні бар ғой. Салмақ тастағыңыз келеді, бірақ ешбір жолын таппай жүрсіз бе? Ендеше бүгін біздің сізге жағымды жаңалығымыз бар.

Арықтау үшін түнде жеуге болатын тағамдар тізімін ұсынбақпыз. 

Жалпы кешкі алтыда тамақтанғаннан кейін ұйқыға жатқанша ортада біршама уақыт бар. Сондықтан ашқарын адамның ұйқысы келмеуі, бұзылуы мүмкін. Дәл осы кезде мына тағамдарды жеуге болады.

1. Сүтқышқылды тағамдар. Айран, ірімшік, табиғи йогурт – жеңіл ақуыздардың мол көзі. Ағзаға ауырлық қылмай, тез қорытылады әрі денсаулыққа пайдалы. Артық май болып жинақталмайды. Бастысы, олардың құрамында қант болмауын қадағалаңыз. Мөлшері – 200 грамм.

2. Сүт. Ұйықтар алдында 1 стақан жылы сүт ішкен өте пайдалы. Оның құрамында ақуыз ғана емес, аминқышқылы да бар. Ол ағзаны тыныштандырып, ұйқы шақырады. Әрі тойымды.

3. Жұмыртқа. Бұл – нағыз ақуыздың қайнар көзі. 2 дана жұмыртқаны қайнатып немесе омлет дайындауға болады.

4. Құс еті. Тауық және үндіктің терісі сыдырылған еті жеңіл әрі ұйқыға еш кедергі келтірмейді. Құрамында А, Е, В дәрумендері және көптеген минералдар бар. Сондай-ақ, құрамында көмірсу жоқтың қасы, сондықтан салмақ қосады деп алаңдауға еш негіз жоқ. 100-150 грамм құстың кеуде етін көкөністермен буға немесе қайнатып пісіріңіз.

5. Ақ балық. Балықтың майлылық мөлшері өте аз, керісінше пайдалы ақуыздар өте мол. Ұйқы алдындағы асқа нәлім, шортан, хек секілді балықтарды таңдаңыз.

6. Бұқтырылған көкөністер. Тез қорытылады, ішектерді тазалайды. Бастысы, майсыз, тұзды аз мөлшерде қосып әзірлеңіз.

7. Жидектер. Бір стақан құлпынай немесе көкжидекте шамамен 70 калория болады. Ал дәрумендер, антиоксиданттар мол. Ішкі құрылыстың жұмысын ретке келтіреді.