Елорда тұрғыны көпшіліктен таңнан кешке дейін көшеде сауда жасап, нәпақа тауып отырған кейуанаға көмек беруін сұрады, деп хабарлайды NewТimes.kz ақпараттық агенттігі.

Өзі де қолынан келгенше көмегін беріп келген астаналық әлеуметтік желі арқылы өзін мазалаған мәселені көтеріп, жұртшылық бейжай қарамайды деген сенімін жеткізді. Оның айтуынша, Астанадағы Мәңгілік Ел мен Достық көшелерінің қиылысындағы «Москва» және «Санкт-Петербург» бизнес орталығы маңында 80 жастағы кейуана таңнан қара кешке дейін кептірілген жеміс пен жаңғақ сатып отырады.

«Мен өзім кейуанадан бірнеше рет сауда жасадым. Ал кейде еш себепсіз ақша тастап кетемін. Әрине, ондай мүмкіндік менде көп бола бермейді... Біздің әжейлеріміздің күн көру үшін осындай әрекетке баруы, әрине, өкінішті. Оның балалары қайда қарап отыр екен?.. Бәлкім осы желі арқылы кейуанаға қол ұшын беретін қайырымды жандар табылып қалар. Сіздердің қолдауларыңызға сенім артамын» деп жазды желі арқылы тұрғын.

Мұны оқыған қолданушылар әжейдің сауда жасайтын орнын нақтылап, авторды сұрақтың астына алды. Ал кейбірі әлдекімдер оны әдейі осылай отырғызып, саудасын жүргізудің тәсілін жасап отыр деп болжам жасады.

Қыздар, қазақша қызық видеолар шығатын Youtube-арнасына жазылыңыздар! Бірінші болып көріңіз, жазылыңыз!