«Күйеуім маған көңіл бөлмейді…», «Біздің арамыз суып кетті…», «Төсек қатынасы сиреп кетті…» осы ауандағы түрлі хаттар біздің редакциямызға жиі келеді. Отбасылық өмірдің бақытымен бірге, түрлі қиындықтары да бірге жүретіні заңдылық. Солардың бірі — әйелдердің өз серігінен ләззат ала алмауы екен. Отбасының беріктігін сақтау үшін еркектің қайта қызығушылығын арттыру керек.

Ең әуелі қарым-қатынасты дұрыстауға кірісіңіз. Ниеттің жоғалуы отбасындағы түрлі мәселелерден де болуы мүмкін. Ұрсысу, айқай-шу, ауыр сөздер «романтиканың» тас-талқанын шығарады. Күйеуіңізбен сөйлесіп оның себебін анықтап, мәселелеріңізді шешуге тырысып көріңіз. Ал қатынас түзелген кезде, төсек қатынасының да өзгеретінін ұғыңыз.

Үй тірлігінен босауға өзіңізге рұқсат беріңіз. Майда-шүйдемен басыңыз қатып жүрсе, өзіңіздің де төсек ойынын ойламасыңыз белгілі. Ең болмаса аптасына бір рет балаңызды балабақшадан күйеуіңіз алып келсін. Ол уақытта сіз өзіңізге көңіл бөліңіз. Өзіңізге бір кез әйел ретінде сезінуге мүмкіндік беріңіз. Нәзіктігіңізді сезе бастаған кезде төсектегі қатынасыңызда өзгеріп сала береді.

Романтиканы анда-санда болсын еске алып тұру керек. Сүйіктіңізбен киноға немесе мейрамханаға барып тамақтанып қайтыңыз. Екеуіңіз ғана баруға тырысыңыздар. Бір сөзбен айтқанда, «үй қызметші» лауазымынан демалыс алып тұруыңыз керек.

Өзгеріңіз. Күйеуіңіздің сезімін қайтару үшін өзгеруіңіз керек. Стиліңізді, шаш үлгіңізді өзгертуден қорықпаңыз.

Некелескендеріне бірнеше жыл толғанда төсектен жалығу көптеген жұптарда кездесетін көрінеді. Сол себепті жаңашылдық тауып отыруға тырысу керек. Еріңізге ұнайтын қылықтарыңызда қайталауға тырысыңыз.